«2000-шы жылдары елімізде ойын автоматтары кез келген жерде кедергісіз жұмыс істеп, кейбір қалаларда олардың саны бірнеше жүзге жеткен болатын. Кейіннен «Ойын бизнесі туралы» жаңа Заң қабылданып, бұл сала біраз ретке келді. Дегенмен, қазіргі күні «ойынқұмарлар» үшін ойынхананың орнын басқан букмекер кеңселері санының күрт артуы қоғамға зор қауіп туғызып отыр», - дейді агенттік басшысы Тастанбек Есентаев. Оның айтуынша, Елбасының өзі Астана қаласында 500-ге жуық букмекер кеңсесі бар екеніне, олардың шапшаң қанат жайып келе жатқанына назар аударған болатын. «Шындығында, қазіргі таңда жастарымыз арнайы залдарға барып, спортпен айналасқанан гөрі, алтын уақыттарын осындай орындарда өткізетіні өкінішті. Тез баюға деген құмарлық ең алдымен кірісі төмен адамдарды, сондай-ақ жастарды баурап алуда. Психологтар әлемде құмар ойындарына тәуелділік есірткіге тәуелділік секілді тез белең алатынын айтады. Бұл ұлттық деңгейдегі қасірет, мұның артында өз-өзіне қол жұмсауға, қарызын төлеу үшін отбасының, ата-ананың дүние-мүлкін сатуға, кейбір жағдайда қылмыстық жолға түсуге әкелетін үлкен қауіп тұр», - дейді агенттік басшысы. Соған орай, Т. Есентаев кері құбылысты жоюды қазір қолға алуды, сол үшін заң жүзінде тиісті өзгертуді енгізу қажеттігін алға тартады.
16:27, 04 Наурыз 2014
Ойынханалардың орнын басқан букмекер кеңселері қоғамға үлкен қауіп туғызып тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ойынханалардың орнын басқан букмекер кеңселері қоғамға зор қауіп туғызып тұр. Бүгін Мәжілісте ойын бизнесі мәселелеріне арналған заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев осылай мәлім етті.