Ойыншық неге ой салмайды? - БАҚ

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - «Қолына ойыншық ұстап, ойнамайтын бала жоқ шығар, сірә. Балалық шақтың ең қызықты дәурені ойыншықтармен өтетіні әмбеге аян. Әдемі қуыршақ, зырылдаған машина - бүгінгі баланың басты ермегі. Әйткенмен, соңғы уақытта ойыншықтардың сапасы сын көтермейді. Тіпті елімізде өндірілетін ойыншықтардың 90 пайызы талапқа сай келмейді екен», - деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында.

Ойлап қарасақ, 10 жасқа дейінгі бала­ның ең жақын «досы» ойыншықтар екен. Сондықтан кез келген ойыншықтың са­пасы тәуір, бағасы арзан болғаны керек. Ата-аналардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, демографиялық өрлеу орын алған жерде ойыншық саудасының кө­рігі қыза түсетіні белгілі. Қанша бала бол­са, сәйкесінше сонша ойыншық ке­рек. Дегенмен, соңғы кездері балаға ойын­шық алып беруден қорқатын бол­дық. Өйткені қарапайым ғана жансыз қуыр­шақтың немесе жұбатар сылдыр­мақтың балаға төндірер қаупі зор. Ден­саулық сақтау министрлігінің мемлекеттік эпидемиологиялық қадағалау комите­ті­нің мәлімдеуінше, бақылауға алынатын өнімдердің ішінде ойыншықтарды зерттеу қиындық тудырады. Мәселен, әдетте зерттеуге алынатын ойыншық­тар­дың 10 пайызының сапасы төмен болады. Ал өнімдердің өзге түрлерінің сапа көрсеткіші бар-жоғы 1-3 пайызға төмен болады екен. Бүгінгі баланың қолында жүрген ойыншықтардың басым бөлігі Қытай, Ресей, Белоруссиядан әкелінеді. Ең қызығы, сырттан келген ойын­шық­тардың қауіпсіздік сертификаты да бол­май­ды екен. Әрине, баланың қуаны­шынан ата-ана аянып қалмасы анық. Сол себепті, ойыншықтардың сапасына баса назар аудармайды. Дүкен сөрелерін­де көз­дің жауын алған ойыншықтардың неден, қалай жасалғаны көпшілік тұты­нушыға беймәлім. Мамандардың пайым­дауынша, Қытайдан әкелінетін ойын­шық­тардың құрамында стиролдың көр­сеткіші 2,5 пайызға жоғары. Айта ке­тейік, стирол жалпы токсиндік қаупі бар сұйықтық. Ең қызығы, пластмасса жасау жұмысында қолданылатын сұйықтықты «у» деп атайтындар да бар. Әрине, жүйке жүйесі мен қан айналымы һәм асқорыту жүйесіне залал келтіретін сұйықтықты «у» демеске шараң да жоқ. Айтпақшы, дәл осы стирол әйелдердің репродуктивті денсаулығына да қауіп төндіреді екен. Сәбилердің қолына тиетін кей ойын­шықтардың құрамында формальдегид те бар. Бұл - адамның генетикалық дамуы мен репродуктивті мүшелеріне, тыныс алу жолына өзіндік зардабын тигізетін газ. Бүгінгі баланың санасын улаған ойыншықтар денсаулығын да жегідей жеп отыр.

Өткен жылдың аяғында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті ойыншық шығарумен айна­лы­сатын 84 кәсіпорынды тексерді. Нәти­же­сінде 75 кәсіпорынның өнімі талапқа сай келмеген. Бұл өз кезегінде ойыншық өндірісінің 90 пайызы көңіл көншіт­пей­тінін білдірсе керек. 33 миллион теңге көлемінде 1003 ойыншық топтамасы тәркіленіп, 4 миллион теңгелік айыппұл салынды.

«Әрине, ойыншық ермек қана емес, баланың ой-өрісін дамытар негізгі құрал. Шыр етіп дүние есігін ашқан баланы жұ­бату үшін қолына сылдырмақ ұстатамыз. Аяғы шығып, тәй-тәй басқан бөбек әр­қилы қуыршақтар мен машинаны серік етеді жанына. Дегенмен сапасыз ойын­шықпен алдандырғанша, бір сәт балаға өзіміз көңіл бөлгеніміз жөн болар. Әйтпесе, құрамы беймәлім өнімді қолы­на алып, аузына салған ұрпақтың бо­лашағы бұлыңғыр...», деп ой түйеді газеттегі мақала авторы.