Өз анасын буындырып өлтірді

None
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Астана қаласының ІІД жедел басқару орталығына елордадағы пәтерлердің бірінен жедел жәрдем көрсету қызметінің дәрігерлері егде жастағы әйелдің мәйітін тапқаны жайлы хабар түскен.

Ол тұншықтырудың салдарынан көз жұмған.

Жаға ұстатар факті жайлы елордалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел-тергеу тобы бұл мекен-жай бойынша 1939 жылы туған әйел адам мен 24 жастағы оның ұлы тұрғанын анықтады. Көршілердің берген жауабына қарағанда, ұлы мен анасының арасында жанжал жиі болып тұрса керек. Ажырасқан ұлы анасымен бірге тұрып, қаладағы кәсіпорындардың бірінде қара жұмысты атқарып келген. Спирттік ішімдікке қатты әуес болмаған.

«Тергеу барысында ер адам жұмыстан кешке үйіне келгеннен кейін анасы екеуінің арасында кезекті керістің басталғанын айтты. Жанжал кезінде жас жігіт анасының жатын бөлмесіне кіріп, оны электр құрылғысының сымымен буындырған. Ашу үстінде қылмыс жасағанын кеш сезген ол жедел жәрдем бригадасын шақырған», - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінен.

Полиция бөлімшесінде жас жігіт өз кінәсін мойындады.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 96-бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Ұсталған адам тергеу оқшаулағышына қамалды, тергеу жүргізіліп жатыр