Аустралиялық сот 20 жыл бұрын өзінің 4 баласын өлтірді деп айыптаған Кэтлин Фолбиггтің барлық үкімінің күшін жойды. Ол кезде жанама айғақтар, оның ішінде әйелдің күнделігі дәлел ретінде пайдаланылған еді.
Фолбигг жиырма жылын түрмеде өткізді. Ол жарты жыл бұрын ғана, генетиктер мен иммунологтар балалар табиғи себептерден қайтыс болды деген қорытындыға келгеннен кейін босатылды. Жаңа сот сараптамасы кезінде жүрек тоқтауы мен эпилепсияны тудыруы мүмкін ген мутациясы анықталды.
Үкімді жою Фолбиггке заңсыз қамауда болғаны үшін өтемақы талап етуге мүмкіндік береді.
2003 жылы оны «Аустралиядағы ең зұлым қанішер» деп атады. Прокурорлар Фолбигг балаларын тоғыз аптадан үш жасқа дейінгі аралықта буындырып өлтірді деп мәлімдеді. Бірақ ол үнемі айыптауларды жоққа шығарып, әрқайсысы табиғи себептен қайтыс болғанын айтудан танбады.
Бірінші болып Фолбиггтің туғанына 19 күн болған ұлы қайтыс болды. Бірде түн ішінде әйел әжетханаға барғысы келіп оянады. Баласын қарап шығып, оның дем алмай жатқанын түсінген.
Содан кейін ол сегіз айлық Патриктен айырылды. Кейінірек тоғыз айлық Сара мен 18 айлық Лора да өмірден өтеді.
Фолбигг үнемі кінәсіз екенін айтатын, бірақ испаниялық ғалымдардың бірі оған көмектескенге дейін оның оқиғасына ешкім сенбеді.
«Ол өз балаларын өлтірді деген ойдың еш дәлелі жоқ еді. Жалғыз деректің өзі жанама болды – балаларды өлі тапқан әйелдің өзі», - деді зерттеуші Винуэса.
Бейсенбі күні сот залы шапалақ соғып, Фолбигг жылдар бойы күткен сөзін естіп еңіреп жылады.
Сот залының сыртында ол жақтастарына, адвокаттар мен ғалымдарға, әсіресе тергеуді басқарған испаниялық Карол Гарсия Винуэске атын жаладан тазартқаны үшін алғыс айтты.