«Өз басылымдары үшін әрбір ұйғыр, әрбір орыс, әрбір кәріс күреседі. Ал қазекеңе бәрібір...» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 19-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 19-ы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

* * *

Ағымдағы жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі құқықтық саясатының тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай бүгін, сенбі күні жарық көрген «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровпен аталған тұжырымдамаға байланысты сұхбат жарияланған.

«Құқықтық білім, құқықтық насихат, яғни құқықтық мәдениет мәселелері ғылыми білім қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады. Осыған байланысты Тұжырымдама азаматтардың құқықтық санасын арттыру жөнінде, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасында заңгерлік сауаттылықты арттыру жөнінде жұмысты жалғастыруға назар аударады», дейді А.Шәкіров.

«Уақыт талаптарымен үндескен құжат» деген тақырыппен берілген сұхбатты толығымен басылымның 2-ші бетінен оқи аласыздар.

Осы басылымның «Парламент» атты арнаулы бетінде Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың «Жаңаарқаның жаңа қадамдары» атты мақаласы жарық көрді.

«Айтайын дегенім - Қызылорда қаласының 190 жылдығы қарсаңында, осы болыста 20 жыл еңбек сіңірген адам ретінде, техникалық бағыт бойынша осы өңірдегі жақсылықтың кірпішін қалауда тер төккен азамат ретінде, сол жылдары атқарған жұмыстарымыз туралы жылы лебіз білдіру. Бір сөзбен айтқанда, сыр елі - жыр елі ғана емес, ол техника саласы бойынша да ғылым мен білімнің қара шаңырағы болуға тұратын қадірлі де, құтты мекен», дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, академик Уәлихан Бишімбаев. «Егемен Қазақстан» басылымының толық бір бетін алып жатқан ғалым мақаласы «Тарихтың жарқын беттері» деген тақырыппен берілген.

***

«Кеше елордамыздағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Астана жұртшылығы, қалың қазақ қауымы қабырғалы қаламгер, көрнекті этнограф-ғалым, халқымыздың үлкен жүректі, ұлтжанды азаматы Ақселеу Сейдімбекпен қабырғасы сөгіле қоштасты», деп жазады «Айқын» газеті.

Қаламгермен қоштасу рәсімі «Астана Алаштың Ақселеуімен қоштасты» деген тақырыппен берілген.

Сонымен қатар «Астана ақшамы», «Егемен Қазақстан» газеттерінің сенбілік санында да қаламгермен қоштасу рәсіміне байланысты материалдар бар.

 ***

 «Өз басылымдары үшін әрбір ұйғыр, әрбір орыс, әрбір кәріс күреседі. Ал қазекеңе бәрібір...». Осы тақырыппен «Айқын»  газетінің «Ақ сөйле!» айдарында сұхбат жарияланды. Екеуара әңгіменің басты кейіпкері - «Парасат» орденінің иегері, журналист Сарбас Ақтаев.

Сұхбат барысында С.Ақтаев «Меніңше, Қазақстанда бизнес, сауда саласы қазақшаға көшпейінше қазақ тілі өзінің орнын ала алмайды. Ал ірі, әлемдік бизнеспен шұғылданып жүргендердің бәрі де өзге ұлт өкілдері немесе орыстілділер. Бүкіл жарнама орыс тілінде. Ең алдымен бизнесті қазақшаласақ, өзге салалар өз-өзінен  қазақшаға көшер еді», дейді.

Осы басылымда жарияланған «Қай елдің қарқыны күшті?» атты мақалада осыдан бір апта бұрын Аппенин түбегінде аяқталған бокстан Әлем чемпионатына қорытынды жасалған. Мақалада қай мемлекеттің қарқыны күшті, кімнің болашағы зор, қай елде тоқырау байқалады деген сауалдарға жауап берілген.

***

«Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрестің пайдалы тәжірибесі жинақталған».
Осы тақырыппен «Астана ақшамы» газетінде жарық көрген мақала осыдан үш күн бұрын Астанадағы тәуелсіздік сарайында өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және лайықты басқару - Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның  экономикалық және әлеуметтік дамуының шарты» атты халықаралық конференцияға арналған. 

«Астана ақшамы» газетінің сенбілік санында «Халқын-Гол шайқасының қаһарманы» атты  материал жарық көрді. Онда аталған шайқас барысында ерлік көрсетіп, «Моңғолияның Халық Батыры» атанған қазақ Ікей Мизамұлының өмірінен сыр шертеді.

***

«Мемлекет басшысы министрлермен кездесіп, Халық денсаулығы туралы кодекске қол қойды», деп жазады «Литер» газеті ҚР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедті қабылдады және  «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне қол қойды.

Бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Алматы және Алматы облысындағы үлескерлік құрылыс нысандарының салыну барысына қанағаттанды», деп жазады «Экспресс К» басылымы.

Қазақстанның барлық коммерциялық банктері Ұлттық қордан бөлінген қаржыны игеру барысында Үкімет бекіткен шартты бұзып отыр. Бұл ақпаратты бейсенбіде өткен брифингте Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков хабарлады», деп жазады «Время» газеті.