*** «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Өз бензинің болғанға не жетсін...» атты мақала жарияланды. Газеттің жазуына қарағанда, Маңғыстау облысында Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытын салу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл жобаға Қытай мен Иран тарапы да үлкен қызығушылық танытуда.
«Елбасы өткен жылы Үкімет алдына республикадағы төртінші мұнай өңдеу зауытын салу үшін орын, мерзімі мен қаржыландыру көздерін қарастыру міндетін қойған болатын. Осындай құрметке ие болу құқығына бірден бірнеше облыс атсалысты. Нәтижесінде, жеңісті Маңғыстау иеленді. Энергетика министрлігінде осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылды, ал облыс әкімдігі алғашқы жұмысты бастады. Нақтылай айтқанда, жергілікті билік ирандық әріптестері - мұнай министрлігі өкілдерімен, Иран ұлттық мұнай компаниясымен, мұнай терминалы бар көршілес Мазендеран провинциясының әкімшілігімен кездесті. Сонымен қатар, облыс аумағында жұмыс істейтін қытайлық CNPC, Citic мұнай компанияларымен мұнай өндіру мен құрылысты жүргізу жайын талқылады», - делінген аталмыш мақалада.
- Екі жақтың да келісімін алдық. Сондай-ақ, ол Иранның сыртқы істер министрлігінің екі ресми нотасымен ресми деңгейде расталған. Қытай компаниялары осы жылдың басында еліміздің Энергетика министрлігіне төртінші МӨЗ-ді инвестициялау мен құрылысын салу жөнінде жазбаша ұсыныс білдірді. Бұдан басқа, шілдеде қытайлық компаниялар Қазақстан Премьер-Министрімен кездесу кезінде МӨЗ ТЭН-ін әзірлеу мен зерттемелерін қаржыландыруға да ресми ұсыныс жасады, - дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржанов.
Иран жобаға неліктен қызығып отыр? Қазақстан сияқты, Иран да әлемдегі жетекші мұнай өндіруші елдердің бірі болып табылатынына қарамастан, қазіргі кезде ол мұнай өнімдерінің жартысын дерлік сырттан импорттайды.
- Егер Қазақстанда бұл тапшылық 30 пайызды және физикалық көлемі 1,5-2 миллион тонна мұнай өнімдерін құрайтын болса, онда, Мұнай министрлігінің ақпараты бойынша, Иран Ислам Республикасы жағдайында ол кемінде 10 миллион тоннаны құрайды. Көбіне бұл біз бастан кешіп жүргендей, географиялық жағдайға байланысты орын алады. Онда халықтың көп бөлігі елдің солтүстік бөлігінде тұрады, ал МӨЗ оңтүстіктегі шығанақ маңында орналасқан. Осыған байланысты біз Иранның елдің оңтүстігінен солтүстігіне мұнайдың бүкіл көлемін тасымалдау үшін тоннасына шамамен 35 доллар жұмсауға мәжбүр болатындығы жайлы алдын ала ақпарат алып отырмыз, - дейді Р.Әміржанов.
***
«Әулие Валентин күнін атап өту аз болғандай, биыл жастарымыз тағы бір жат дәстүрге бой ұрды. АҚШ-та Рождестводан кейінгі орында тұратын, әрі онда үйреншікті мереке саналатын «Хэллоуинді» тойлау бізге қайдан енген сұмдық?», деп ой салады «Егемен Қазақстан» «Өрмекшінің торы» атты келесі мақаласында.
«Әулие Валентиннің санамызға мысық-табандап кіріп кеткенін байқамай қалған аңғалдығымыздың кесірінен енді мынадай аты да, заты да белгісіз сұмдық оқиғаға тап болып жатырмыз. «Хэллоуинді» қай ата-бабамыз тойлаған еді, масқара! Шошынғаннан төбе шашың тік тұрады... Әулие Валентинмен ауырған қазақ жастарының бойындағы өзгеден жұққан дертті бірден сылып тастау мүмкін еместігі енді-енді түсінікті болуда», - дейді мақала авторы.
«...Қорыққанымыздан, 15 сәуірді «ұлттық махаббат мейрамы» болсын деп жариялағанымызбен, одан ешнәрсе өзгеріп кете қоймады. Бәрібір баяғы сол жағдай. Дүкендерде ол уақытта ғашықтарға арналған түрлі кәде-сыйлар қаптап кетеді. Алуан бояу көз арбап, жастарды қақпанға түсірудің амал-айлалары қырдың қызыл түлкісіндей бұлғаңдап, баурай түседі. Жарнамасы жаңылдырады. Бір қараған адамға, мұнда керемет құрмет пен ізгілік, адамдарды бір-біріне жақындатудың, достастырудың, сүйіспеншілік орнықтырудың идеясы насихатталып тұрғандай болып көрінгенмен, жастарымыз мұның түпкі мән-мағынасына бас ауыртпайды. Бөгденің бөшкесінің астында қалып қойғандарын, рухани жағынан тұншықтырылып жатқандарын аңғармайды», - делінеді аталмыш материалда.
***
Шенеуніктер «ымдау тілін» игеруге тиіс болады, деп хабарлайды «Айқын» газеті «Жаңалығы көп жаңа заң» атты мақалада.
«Еліміздің көшбасшы партиясы «Нұр Отан» ақыры ел заңнамасының мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды бет бұруына қол жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында «Нұр Отан» партиясы қолдауымен әзірленген, өмірге елеулі жаңалықтар әкелетін заң жобасы бірден екі оқылымда қаралып, қабылданды. Оған сәйкес, шенеуніктер «ымдау тілін» игеруге тиіс болады. Бұған қоса, жүре алмайтын кемтар жандарға жергілікті әкімдіктер енді тек бірінші-екінші қабаттан ғана баспана беруге міндетті», - делінген аталмыш материалда.
Басылымның атап көрсеткеніндей, мемлекеттің өркениеттілігі ондағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайдан да көрінеді.
«Мысалы, шетелге, әсіресе, дамыған елдерге сапар шеккен қазақстандықтар оларда жарымжан адамдардың мүгедекпін деп мүдіріп, үйлерінде омалып отырмайтынын, керісінше, тең мүшесі ретінде қоғамдық өмірге белсенді араласатынын байқайды. Ал Қазақстанда ондай жандар тіпті автобустар мен пойыздарға да міне алмайды. Енді мұндай кесір көрініс өткеннің қалдығындай тарих қойнауына кетуге тиіс. Бұл Сенат мақұлдаған «Кейбір заңнамалық актілерге мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасында қарастырылған» - деп жазады газет.
***
Кәсіптік-техникалық колледждерде оқитын шәкірттер енді бүкіл оқуының тек 40 пайызын ғана партада өткізеді. Бұл жөнінде «Айқын» газетінің «Дуальды білім дамытылатын болды» атты мақаласында айтылады.
«Қазақстанда қолға алынған Елбасының 5 институттық реформасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары білікті кадрларды қажет етеді. Бұл туралы кеше Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті», - деп жазады «Айқын».
«Бүгінде білім беру жүйесі, соның ішінде кәсіптік-техникалық білім беру алдында үлкен міндеттер қойылып отыр. Мемлекет басшысы қабылдаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сапалы адами капиталды даярлауға үлкен мән берілген. Біздің өңірлерімізде іске асырылатын индустриялық жобалар білікті мамандарсыз ілгерілей алмайды. Осыған байланысты біз дуальды білім беруді ары қарай дамыта беруге тиіспіз!» - деді А.Сәрінжіпов.
«Осы орайда жақында ел Парламенті білім беру саласы бойынша қолданыстағы заңнаманы өзгертетін жаңа заң жобасын қабылдады. Оған сәйкес, жоғары оқу орындарындағы кәсіптік мамандықтарда, сондай-ақ кәсіптік-техникалық колледждерде оқитын шәкірттер енді бүкіл оқуының тек 40 пайызын ғана партада өткізеді. Қалған уақытында олар өндірісте, зауыт-кәсіпорындарда жүруге, кәсіптің қыр-сырына заманауи станоктар мен құрылғылар басында қанығуға тиіс», - делінеді мақалада.
Бұған қоса, мемлекеттік грантпен оқуға түскен барлық студенттер кейін өз өңірлеріне қайтып, мемлекет белгілеген жұмыс орындарында істеуі керек көрінеді. Осылайша, өңірлер қажетті жұмыс күшімен қамтылады. Өйткені индустриялық-инновациялық дамудың барлық дерлік жұмысы, салмағы ауыл-аймаққа көшкен.
***
Павлодарда 30 жастағы балабақша тәрбиешісі Ольга Чупразованың өлі денесі табылды, деп жазады «Экспресс К» басылымы.
«Үйінен кетіп, ұшты-күйлі жоғалып кеткен әйелді іздеу шаралары екі айға созылған болатын. Қаза болған әйелдің туыстары соңына дейін оның тірі табылатынына сенген еді... Әйелдің мүрдесі Павлодардың сырт аумағында, орман ішінен табылды. Мұнда оны бұрынғы күйеуі мен оның досы көміп кеткен», - делінген «Ее любили дети» атты мақалада.
«Екіншісі әйелдің мойнына бейнерегистратордың сымын қалай тартқандығын бүге-шігесіне дейін айтып берді», - дейді Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметі. - Ольганы оның бұрынғы күйеуіде қылқындырған. Әйелдің демі біткенде, күдіктілер оның денесін қала шетіне апарып көмген».
Ольга Чупразова күйеуімен айырылысқан. Бірақ бір пәтерде тұруды жалғастырыпты. Бір күні экс-күйеу оның әлдене бір кісімен кездесу белгіленгенін біліп алады. Ол әйелін көшеде күтіп алып, көлігіне күштеп салып алады.
«Біз өзіміздің Ольгамызбен осындай жағдай болатынын мүлдем ойлаған жоқ едік», - дейді анасы Галина Филонова. - Оның артында екі баласы қалды. Ол мейірімді ана болатын. Бұрынғы күйеубала тіпті оны іздестіруге де белсенді қатысқан. Бірақ кейін байланысқа шықпай кетті».
Ольга Чапуразова істеген қаладағы №34 балабақша да қара жамылып отыр.