***
«Қара алтын» деп құрметтелетін мұнай құрамын түрлі бағытта пайдалану - еліміздің өндіріс, құрылыс саласына қажетті өнімдерді өзімізде өндіру мүмкіндігін береді. Әсіресе, елге ел қосылып, жер-жерде жаңа үйлер мен нысандар құрылыстары бой көтеріп, индустриялық алаңға айналған мемлекетімізде құрылыс материалдары өтімді болып тұр. Осы қажеттілікті көршілес елдердің бұйымдары билеп-төстеп барады. Есімізді жиып, біріміз бетон, біріміз цемент, біріміз құбыр шығарып құлшына бастағанымыз қуантады. Биыл осы қатарға мұнайы мол Маңғыстаудың битумы қосылатын болады. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Битум сұрап басқаға бармаймыз» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, Маңғыстау облысында биыл іске асатын ең ірі жобалардың бірі - «Caspi Bitum» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-да «Ақтау пластикалық масса зауытында жол битумдарын өндіру» болмақ. Бұл өндіріс орны жылына 1 млн. тоннаға тарта мұнай өңдеу жолымен жол битумдарын шығарып, әзірге Маңғыстау аймағын жол құрылысы материалдарымен қамтамасыз ететін болады. Жалпы құны 43500 млн. теңгелік жоба толық іске асырылғанда, тек құрылыста ғана емес, гидроизоляциялау жұмыстарында, алуан түрлі мастиктер дайындауда қолданылатын битум шығаратын жаңа зауыттан 325 адам жұмыс табады.
«Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен еліміздің Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің 2012 жылдың қорытындылары және 2013 жылғы міндеттеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Жасыл» экономика - елдің даму көрсеткіші» деген тақырыптағы мақаласында. Жиын барысында ведомство басшысы: «Өткен жылы республика бойынша 1 млрд. тоннадан астам қалдық жиналған болса, оның 244 млн. тоннасы кәдеге жаратылды. Бұл - жоспарланған көлемнен 104 млн. тоннаға артық», - депті. Оның айтуынша, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңаша басқару құралы, Қалдықтарды басқару бағдарламасы енгізілген, бұл бағдарлама жинақталған және түзілетін қалдықтарды азайту бойынша іс-шаралар көздейтін болады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында 120 қазақ баласы өзбек мектебінде оқып жүр. Бұл туралы басылымға Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Балқия Көмекбаева хабарлапты. Оның айтуынша, өзбек мектебінен қазақ сыныптарын ашуға болады. Тіпті мектеп салудың қажеті жоқ. Тек өзбек мектептерінің ішінен қазақ сыныптарын ашса болғаны. Ал Сайрам ауданының әкімдігінің өкілдері бес-алты балаға бола қазақ сыныптарын ашудың қажеті жоқ деген ойда екен. Себебі олар облыстық тіл басқармасы бастығының айтып отырған 120 баланың қазақ екендігіне күмән келтіріп отыр. Ақпарат «Өз елімізде өзбекше оқып жүр» деген тақырыппнен берілген.
«Қазақстанда, тек өткен жыл ішінде ғана «табиғи монополияларға» 240,9 миллиард теңге қаржы құйылыпты! Осылайша, жылу, жарық, су және басқа да сала алпауыттарының былтыр «жұтқан» қаржысының ауқымы тағы 68 пайызға артқан: 2011 жылы қазақстандық табиғи монополия нысандарына әлгі сомадан 98 млрд-қа кем қаражат кеткен болатын», деп жазады «Айқын» газеті «Тұтынушыны тонау тыйылмай тұр» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, өз тұтынушыларына балама ұсынбайтын, өзінен басқа бәсекелесі жоқ бұл алпауыттардың барған сайын араны ашылуда. Оларды ұстап тұру үшін қомақты инвестицияны мемлекет те құюда, екінші жағынан тіпті ай сайын қымбаттап жатқан ақысын қазақстандықтар қыңқ етпей, төлеуде.
***
«Петропавлдың халықаралық әуежайы бір жылға жабылды», - деп жазады «Экспресс К» газеті. «Петропавлдың халықаралық әуежайы журналистер үшін таусылмас сенсация көзіне айналды. Олардың ең соңғыларының бірі: Солтүстік Қазақстан облыстық эконономикалық сотының шешімімен аталған әуе гаванының қызметі бір жылға тоқтатылған», - делінген мақалада. Толығырақ «Самолеты умирают на земле» деген тақырыптан біле аласыздар.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, талдықорғандықтарға бірегей мүмкіндік туып отыр. Талдықорғандағы Достық үйінде облыстық ҚР Халық ассамблеясы мен Сеулдің «Ансеи» мамандандырылған ауруханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Аталған құжатқа сәйкес шетелдік дәрігерлер қазақстандықтарды тегін медициналық тексеруден өткізіп, диагноз қоймақ. Хирургиялық ота жасау қажет аса ауыр ауру түрі білінгенде науқас Оңтүстік Корея астанасына жіберіледі.