13:10, 18 Наурыз 2009
Өз ісіне адал болмаған құрылыс компанияларының басшылары жауапқа тартылды ? елорда әкімі
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астанада проблемалық нысандар бойынша өз ісіне адал болмаған құрылыс компанияларының басшылары сотталды.
Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен Астана қаласының орталығында салынып жатқан құрылысты бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әкімнің айтуынша, бүгінде 70 тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары экономиканы тұрақтандыру шаралары аясында түрлі мемлекеттік қолдау тетіктері негізінде жүргізіліп жатыр. 25 нысанды құрылысшылар өздері салуда. Ал 20 тұрғын үй кешені бойынша қаржыландыру көзі анықталуда. Тағы 12 нысан проблемалық құрылыстар қатарына қосылды, оларды аяқтау үшін «Жаңа құрылыс» ЖШС-на қосымша 15,2 млрд. теңге қажет.
«Бұл нысандардың құрылысына қатысты үлескерлердің қаржысының мақсатты жұмсалмауына байланысты қаржы полициясы органдары тексерулер жүргізуде. Бүгінде 7 жауапсыз құрылыс компанияларының басшылары сотталды. 27 қылмыстық іс қозғалды. «Жаңа құрылыс» ЖШС компаниясына құрылысы аяқталмаған нысандардың 5 млрд. теңгеден астам мүлкі берілді», деді әкім.
Оның сөзіне қарағанда елордада қазіргі кезде 127 нысан үлескерлердің қатысуымен салынуда. Бұл нысандарда бүгінде 24 мың 92 үлескер бар. Ағымдағы жыл соңына дейін 100 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалғандары 2010 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.