ОРАЛ. 22 қазан. ҚазАқпарат - Өз қызын тәрбиелеуден бас тартқаны үшін Зеленов ауданының тұрғынына айыппұл салынды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жас келіншек өз баласының бар екенін ұмытып кеткен. Өзінің үйі де, жұмысы да жоқ. Бірге тұрған ер адам оны үйінен қуып шыққан. Оқу жылы басталғаннан бері екінші сыныпта оқитын қызы мұғалімдердің үйінде тұрған. Ол қалыптасқан жағдайға қарамастан, жақсы оқуға тырысып бағады. Анасы болса, сотта қызын тәрбиелеумен айналыса алмайтынын алға тартып, оны балалар үйіне жатқызуды сұрады.
Приурал полиция бөлімі ата-аналық міндетін орындамағаны үшін келіншекке әкімшілік хаттама толтырған. БҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен әйел ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 111-бабы 1-бөліміне сәйкес айыпты деп танылып, оған 8655 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).