«8 наурыз мейрамы қарсаңында біріншіден өз анамды, сонымен бірге барша қазақстандық әйелдерді, құқық қорғау органдары мен әскери салаларда ерлермен тең дәрежеде еңбек етіп жүрген әйел қызметкерлерді құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына береке-бірлік, қызметтерінде табыстар тілеймін! Бақытты болыңыздар!», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында М. Иманқұлова.
Бүгінгі таңда нәзік жандылардың құқық қорғау органдарында да жемісті еңбек етіп келе жатқаны белгілі. Олар әдетте жұмысты тиянақты атқарады. Солардың бірі - осы Алматы облысы бойынша МКД Экономикалық тергеу қызметінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Мәдина Иманқұлова. Ол құқық қорғау органдарында 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді. Өзінің қызметтік өтілімінде Мәдина аса ауыр қылмыстардың тергеу жұмыстарын жүргізген.
«Өз мамандығын шын сүйген адамға жұмыстың жеңілі немесе ауыры болмайды. Яғни, өз мамандағын шын сүйіп жұмыс істеген адам ғана өз саласында жетістікке қол жеткізеді», - дейді ол.
2015 жылы М. Иманқұлова аса ірі көлемде жасалған жалған кәсіпкерлік қылмыстарын анықтап, тергеу жұмыстарын жүргізіп, сотқа жолдады.
2015 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Экономикалық тергеу қызметі қызметкерлерінің арасында үздіктер таңдалды.
Желтоқсан айында Мемлекеттік кірістер комитетінде «Ең үздік жедел қызметкер», «Іздестіру бойынша ең үздік жедел қызметкер», «Ең үздік тергеуші» атақтарын беруге арналған байқау комиссиясының отырысы болып, Қазақстан бойынша ең үздік қызметкерлер анықталған болатын. Аталған іс-шара нәтижесінде Алматы облысы бойынша МКД Экономикалық тергеу қызметінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Иманқұлова Мәдина «Үздік тергеуші» атанды. Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д. Ерғожиннің бұйрығымен жоғары лауазымдарға кадрлық резервке енгізілді.
«Бұл менің ғана жетістігім емес. Бір адам мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізе алмас еді. Бұл жерде қылмыстық істерді заңда көрсетілген мерзімдерге сәйкес жүргізуге септігін қосқан әріптестерімнің еңбектері бар», - деді Мәдина Иманқұлова.
Айта кетелік, Бүгінде Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметінде 10-нан аса әйел қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде бөлім басшысы, офицерлер мен тергеушілер бар.