ОРАЛ. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің қыркүйектің 7-сі күнгі отырысында мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істері қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұрын Алматы қаласында жұмыс істеген, кейінгі уақытта Орал бөлімшелік темір жол көлігіндегі мемлекеттік санэпидқадағалау басқармасы санитарлық бақылау бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарып жүрген Ержан Бекенов кезінде бір емес, екі бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестікке құрылтайшы болған. Алайда мемлекеттік қызметке ауысқаннан кейін оларды сенімді басқаруға беруді «ұмытып» кеткен. Заңға қайшы келетін бұл жайтты ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті анықтаған. Сондықтан аталмыш қызметкерге қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жасалды.
Тәртіптік кеңес отырысында басқа да мемлекеттік қызметкерлердің істері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұдан бұрынғы отырыста талқыға түскен Бөрлі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Сатым Шәуеновтің ісі мәні бойынша шешім қабылдау үшін аудан әкіміне жолданды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).