Өз тарихын, мәдениетін білу әрбір қазақтың борышы - С. Баширов

Ы. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Тәуелсіздік күніне орай Алматы қаласы тарихының мұражайында танымал суретшілер мен фотосуретшілердің жұмыстары және қолданбалы қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алғаш рет көрме экспозициясында мемлекетіміздің тәуелсіздігімен қатар қалыптасқан, еліміздің буырқанған оқиғаларға толы өмірі жайлы шығармашыл жастардың жаңа жұмыстары көрсетіліп, жұртшылық шеберлердің тың шығармаларымен танысты.

«Көрменің негізгі мақсаты - бүгінгі күнгі тәуелсіз Қазақстан шеберлерінің шығармашылық өнерін халыққа көрсетіп, жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау», дейді аталмыш мұражайдың бөлім меңгерушісі Нәзира Құдайбергенқызы.

 «Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін салынған Тәуелсіздік монументінің жоғары жағындағы барыстың мүсінін мен салған едім. Ол монументті болашақ ұрпаққа арнап салған едік, өйткені тәуелсіздікті нығайтып, елімізді көркейту жастардың қолында ғой. Бүгінгі көрмеге сақ образындағы мүсінді алып кеп отырмын. Осындай мүсіндерді қала ішіндегі бос жерлерге көптеп орнатсақ жақсы болар еді», дейді мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі Әділет Жұмабай.

«Бұл мұражайда Алматы қаласының мыңдаған жыл бұрынғы құнды деректері, бұйымдары жинақталған. Ал бүгінгі өтіп жатқан көрме жастарды тәрбиелеуге, оларға өз шеберлеріміздің бұйымдарын, шығармаларын таныстырып, еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілігін  арттыра түседі деп ойлаймын. Соңғы кезде ұлттық идеология жайында көп айтып жүрміз, соның барлығы осы мұражайдан басталады.  Өз тарихын, мәдениетін білу - әрбір қазақтың борышы.  Осындай тәрбиелік мәні бар шаралар көптеп өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді», дейді зергер-суретші, Суретшілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапалық белгісінің иегері Сержан Баширов.