Өзара дауласатын екі меморганның ісі Үкімет деңгейінде қаралуы орынды - министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өз мәртебесі және мемлекет мүддесі үшін өзара дауласатын екі мемлекеттік органға қатысты істер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің шеңберінде қаралмауы тиіс. Бұл туралы аталған саланы жетілдіруге бағытталған Әділет министрлігінің арнайы тұжырымдамасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкімшілік әділет жұмыс істеген жылы республика соттарына 740-қа жуық әкімшілік іс келіп түсті. Атап айтқанда, 2021 жылы - 431, 2022 жылдың 6 айында 309 іс түсті. Онда тараптардың барлығы тек мемлекеттік органдар болды.

Жеке немесе заңды тұлғалардың не адамдардың белгісіз тобының мүддесі үшін емес, өз мәртебесі бойынша тең және мемлекет мүддесі үшін өзара дауласатын екі мемлекеттік орган істер бойынша тараптар болып табылатын мұндай істер өз мәні бойынша Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің шеңберінде қаралмауға тиіс. Өйткені жалпы алғанда, ӘРПК-ның нормалары мемлекеттік органдардың теріс пайдалану мүмкіндіктерін ескере отырып, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.

Осыған байланысты, аталған дауларды ҚР Үкіметі деңгейінде, атап айтқанда Әділет министрлігі, ал тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің атқарушы органдары, коммуналдық заңды тұлғалар, атқарушы органдар мен коммуналдық заңды тұлғалар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі арасындағы дауларды реттеу мәселесін қарастыру орынды деп санаймыз», - деп көрсетілген тұжырымдамада.

Мұнымен қоса, Әділет министрлігі прокурорлардың әкімшілік сот ісін жүргізуге қатысуын шектеуді ұсынды. Ведомство болжамына сәйкес, бұл бастаманың нәтижесінде шағым түсірген тарап пен жауап беруші органдарға тең құқық беріледі.