Өзара деңгейлес командалар кездеседі – «Пафос» бапкері «Қайратпен» ойын жайлы
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Орталық стадионда УЕФА Чемпиондар лигасының аясында «Қайрат» және «Пафос» арасында ойын өтеді.
«Пафос» футбол клубының бас бапкері Хуан Карлос Карседо «Қайратқа» қарсы өтетін ойын алдында командасының дайындығы туралы пікір білдірді.
— Ең алдымен, жылы шыраймен қабылдағандарыңызға алғыс айтқым келеді. Біз Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз және мұнда болғанымызға өте қуаныштымыз. Ертең бізді өзімізге ұқсас қарсылас күтіп тұр. «Қайрат» кейінгі жылдары айтарлықтай өсіп, тұңғыш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шықты. Бұл өте қызықты ойын болатынына сенімдімін, — деді ол.
Бапкердің айтуынша, алдағы ойында дәрежесі тең, өзара ұқсас командалар кездеседі.
— Қазір біз өз чемпионатымызда көш бастап тұрмыз, сол сияқты «Қайрат» та өз чемпионатында бірінші орында. Бұл матч алаң иелері үшін де, біз үшін де жақсы мүмкіндік болады. Кездесу оңай болмайды, — деді ол.
Хуан Карседоның сөзінше, өткен ойындағы жеңіс командасына Алматыға сапар алдында сенімділік сыйлаған.
— Чемпиондар лигасындағы әр ойын оңай өтпейді. Ертең ауыр матч күтіп тұр, біз бар күшімізді салып, үздік ойынымызды көрсетуге тырысамыз, — деді ол.
Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері бапкерден «Қайраттың» ойынын кіммен салыстыруға болатынын сұрады.
— «Қайрат» — агрессивті әрі шабуылға жиі шығатын команда. Ойын мәнері жағынан Кипрдің «Арис» клубына ұқсайды. Бірақ біз жақсырақ ойнауға тырысамыз, — деді Хуан Карседо.
Маман Алматыға сапар мен былтыр «Астанаға» қарсы өткен матчқа да тоқталды.
— Сапары жақсы өтті, шамамен 5-6 сағатта жеттік. Барлығы ыңғайлы болды. Ал өткен жылы «Астанамен» болған ойынды айтар болсақ, ол кезде біз 1:0 есебімен жеңдік. Екі команда да қазір өз чемпионаттарында көшбасшылар қатарында. Бірақ менің ойымша, «Қайрат» «Астанадан» күштірек. Ертең бәрі басқаша болады. Біз үшін бұл ұпайлар өте маңызды, сондықтан жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз, — деді ол.
Бапкер «Қайраттың» жас жұлдызы Дастан Сатпаев туралы да пікір білдірді.
— Дастан — өте талантты жас ойыншы, жақсы деңгей көрсетіп жүр. Келесі маусымда ол «Челсиге» ауысады. Бұл — оның дамуы үшін үлкен мүмкіндік. Қазір көптеген жас ойыншылар ерте жетістіктерге жетіп жатыр. Сіздерде де жақсы футболшылар бар. Маған команданың агрессивті ойыны ұнайды. Біз тек бір ойыншыға емес, бүкіл командаға назар аударамыз, — деді Карседо.
Еске салайық, «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин команданың дайындығы туралы айтты.
Ертең ойын аяқталғаннан кейін Орталық стадионнан 6 бағыт бойынша 60 автобус қатынайды.