Өзара сауда-саттықта тауарларды декларациялаудың болмауы Кеден одағы Кедендік кодексінің қағидатты сәттерінің бірі болып табылады - Б. Жәмішев

қпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өзара сауда-саттықта тауарларды декларациялаудың болмауы Кеден одағы Кедендік кодексінің қағидатты сәттерінің бірі болып табылады. Қазақстан одақ аясында әзірленетін Кодекс жобасында осыны басты назарға алады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кеден одағындағы салықты және кедендік әкімшілендіру туралы» тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмшев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кедендік төлемдер мен салықтар республикалық бюджеттің кірістеріне сезімталдықпен әсер етеді. Бұлардың үлесі кірістердің 5-тен бір бөлігін құрайды. Осы кіріс көздеріне әкімшілендіру шараларын жүргізу аса маңызды болып табылады. Сондықтан, алдағы уақытта Кеден одағының құрылуына байланысты Ресей мен Беларустан келетін тауарлардың импортына қатысты тұтастай алғанда, тауарлардың әкелуіне салынатын кедендік баждарға, сондай-ақ жанама салықтарға әкімшілік ету сызбасы өзгереді», деді Б. Жәмішев.

Сонымен бірге, министр 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап Кеден одағы аясында Кедендік кодекс енгізу жоспарланғанын атап өтті. Бұл ретте министрдің сөзіне қарағанда, Кеден одағының Кеден кодексін әзірлеу Қазақстан тарапына тапсырылған. «Бұл біздің заңнамамыздың әлімдік тәжірибеге барынша жақын екендігін мойындауды білдіреді және Кеден одағының Қазақстанға сенім деңгейін айғақтайды. Ұлттық кеден заңнамасын әзірлеу кезінде Қазақстан кеден рәсімдерін жеңілдету және үндестіру туралы конвенцияны басшылыққа алған болатын. Сондықтан да алдағы уақытта өзара сауда-саттықта тауарларды декларациялаудың болмауы Кеден одағы Кедендік кодексінің қағидатты сәттерінің бірі болып табылады», деді Б. Жәмішев.

Министрдің айтуынша, қатысушы мемлекеттер кеден одағының бірыңғай кеден аумағын құрады, тиісінше осындай аумақта шығарылған тауарлар, сондай-ақ тараптардың бірінің аумағында бір рет кеденнен өткен шетелдік тауарлар кедендік рәсімдеуге жатпайды. Бастапқы деңгейде үшінші елдердің тауарларын кедендік рәсімдеу резиденттік қағидат бойынша, яғни оларды тіркеу орны немесе орналасқан жері бойынша декларанттар, кедендік брокерлер жүргізетін болады.