Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметіне сай, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шекара әскері қызметшілерімен бірлесіп, Сұрхандария облысында Тәжікстаннан әкелінген есірткінің ірі партиясы тәркіленді.
«Сарыасы ауданы Чашма елді мекенінің аумағы арқылы өтетін өзбек-тәжік мемлекеттік шекарасының учаскесінде 39 келі 409 грамм героин, 35 келі 745 грамм апиын, 14 келі 545 грамм гашиш анықталды», - делінген Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметінде.
Ведомстводан атап өткендей, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 246-бабының 2-бөлігі (Контрабанда) бойынша іс қозғалған. Қазір жалпы салмағы 89 келі 699 грамм болатын есірткінің кімге тиесілі болғанын анықтау бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.