Өзбекәлі Жәнібеков тағылымы мен библиографиялық көрсеткіштері туралы жаңа кітаптар жарық көрді
Библиографиялық көрсеткішті ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 80 жыл толуына орай ҚР Ұлттық кітапханасы құрастырып отыр. "Өзбекәлі Жәнібеков тағылымының" авторы ҚР Мәдениет қайраткері, аспаптанушы-этнолог Зәбира Жәкішева.
"Педагог, ғалым-этнограф, тарихшы Ө.Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. Оның бастамасымен еліміздің көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Ол Қазақстаннның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіруде маңызды шаралар атқарды", - дейді ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Бақытжамал Оспанова. Библиографиялық көрсеткішті құрастыруда ҚР Ұлттық кітапханасының кітап қоры, "Қазақстан өткені мен бүгіні" атты мәліметтер қоры, Анықтамалық-библиографиялық аппараты, ҚР Ұлттық кітап палатасының басылымдары, интернет ресурстар қолданылды. Ол тарихшы және зерттеушілерге, студенттерге және жалпы оқырман қауымға арналған.
"Мен Ықылас атындағы республикандық халық аспаптары мұражайында 1980 жылдан бері жұмыс жасап келе жатырмын. Оның қалай ашылғаны бұл кітапта жазылған. Онда 80-жылдардың басында қазақ өнері мен қазақ аспаптану ғылымына Өзбекәлі Жәнібеков әкелген үлкен жаңалықтар сөз болады. Мұражайдың 30 жылдық тарихы Ө. Жәнібеков тарихымен өте байланысты. Бұл кітапты жазуға түрткі болған нәрсе Өзбекәлі ағамыз дың 70 жылдығында да, 80 жылдығында да мұражайдың көмескі қалуы», - дейді Зәбира Сыпайтайқызы.