Өзбекcтандық файтер Асу Алмабаевпен жекпе-жекке шығудан бас тартты

Фото: ufc.com

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық жекпе-жек шебері Асу Алмабаевтың Әбу-Даби (БАӘ) қаласында өтетін UFC on ABC 9 турниріндегі қарсыласы ауысты. 

Алдын ала жоспар бойынша, Асу Алмабаев Абу-Дабиде өзбекстандық Рамазан Теміровпен күш сынасуы тиіс еді. Алайда қарсыласы белгісіз себеппен жекпе-жекке шығудан бас тартты. 

Енді отандасымыз 26 шілдеде аталған турнирде Перу елінің өкілі Хосе Очоамен (7-1, UFC бойынша 1-1) кім мықтыны анықтайды. 

Асу 1994 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Аралас жекпе-жек жауынгері UFC демеушілігімен аса жеңіл салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүр. 

Еске салсақ, бұған дейін Асу Алмабаев 2 наурыз күні өткен UFC Vegas 103 турнирінің басты жекпе-жегінде португалиялық Манель Капеден (21-7-0) үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіліп қалған болатын. Бұл жеңілістен кейін ол әлемдік рейтингіде бір сатыға төмендеп, 9-орынға сырғыды.