ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан АҚШ азаматтары үшін 30 күндік визасыз режим енгізеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
UzA ақпарат агенттігінің мәліметінше, 3 қарашада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев тиісті жарлыққа қол қойды. Бұл шешім екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту мақсатында қабылданды.
Нақтылай кетейік, 2021 жылдан бері тек 55 жастан асқан АҚШ азаматтарына Өзбекстанға визасыз саяхаттап келуге рұқсат берілген болатын.
Еске салсақ, Өзбекстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізуге бағытталған келісім биыл маусымда күшіне енген болатын. Сондай-ақ, биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында 5 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанда ем алған.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.