Өзбекстан Астанадағы мемлекеттік қызмет хабымен ынтымақтастыққа мүдделі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Икром Назаровпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өңірлік хабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Өзбекстан Елшісі Икром Назаров Астана хабын аймақтық және екіжақты ынтымақтастықты дамыту ісінде маңызды құрал ретінде атап өтті. Сондай-ақ, Елші басқарушы комитет төрағасын Өзбекстандағы мемлекеттік қызмет реформасына арналған халықаралық конференцияға қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Әлихан Байменов елшіні Хабтың қызметімен, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында инновациялық шешімдер мен аймақ елдерінің озық тәжірибелері туралы сараптамалық еңбектерімен таныстырды. Жүздесуде сонымен қатар мемлекеттік қызметті дамыту бойынша ғаламдық және аймақтық заманауи үдерістер туралы кең көлемді зерттеулер нәтижелері және басқа да бастамалар туралы әңгіме өрбіді.

Кездесу барысында тараптар, сондай-ақ, Хабтың Өзбекстан құзырлы мемлекеттік органдарымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Еске сала кетейік, Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб - аймақтағы мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе мен білім алмасудың институционалды алаңы. Қазіргі таңда Хабтың қатысушы-елдері қатарында 38 мемлекет, оның ішінде Америка, Еуропалық Одақ, ТМД, Кавказ және AСEAН елдері бар.