Өзбекстан басшысы Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев АҚШ саясаткері Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

«Президент Шавкат Мирзиёев Пенсильвания штатындағы сайлауалды баяндамасы кезінде АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа жасалған қастандық туралы хабарды аса алаңдаушылықпен қабылдады. Мемлекет басшысы бұл қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеді және Дональд Трамптың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді», - деп жазды Өзбекстан басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.

Қоса кетсек, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ саясаткері Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеген еді.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Пенсильвания штатында сайлауалды акциясы кезінде Дональд Трампқа қастандық жасалғанын жазған болатынбыз.