ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Тәжікстанмен одақтастық қарым-қатынас орнату келісімін ратификациялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Айта кетейік, былтыр сәуірде Өзбекстан басшысының Тәжікстанға жасаған мемлекеттік сапары барында қос ел президенттері одақтастық қарым-қатынас орнатуға уағдаласқан болатын. Құжатқа сай, өзбек-тәжік байланыстарын бекемдеп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару жоспарланған.
Еске салсақ, Қазақстан мен Өзбекстан арасында одақтастық қарым-қатынас орнату шартын ресми Ташкент 2023 жылы, ал Астана былтыр ратификациялады. Келісім екі елдің дербестігін, аумақтық тұтастығын және орнықты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға бағытталған.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.