Өзбекстан бизнеске салынатын салықты төмендетпек
21:53, 26 Шілде 2017
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан салық салу жүйесін жеңілдетуді, сондай-ақ салық салу базасын кеңейту арқылы салық ауыртпалығын төмендетуді жоспарлауда. Бұл туралы Өзбекстан салық комитеті мен есеп палатасы басшыларының қатысуымен өткен халықаралық баспасөз клубының кезекті отырысында белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Атап айтқанда, ӨР президентінің «Салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жетілдіру, салық және басқа да міндетті төлемдерді жинауды арттыру шаралары туралы» жарлығына сәйкес елде салық ауыртпалығын төмендету, кәсіпкерліктің дамуы үшін қолайлы жағдай туғызу, шетел инвестициясын тартуды қамтамасыз ететін салық жүйесі қалыптасады.
Бұл ретте 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап салық бақылауының заманауи нысан - салық мониторингі енгізіледі, ол ағымдағы салық салу мәселелерін шешуге жан-жақты жәрдем бере отырып, салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы кеңейтілген ақпарат алмасуды көздейтін болады.