Өзбекстан Boeing корпорациясымен 8 млрд долларға келісім жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Uzbekistan Airways әуе компаниясы Boeing корпорациясымен 22 әуе кемесін сатып алу туралы ірі келісімге қол қойды. Жалпы құны 8 миллиард долларды құрайтын келісім аясында компания Boeing 787-9 Dreamliner ұшақтарын алады, деп хабарлайды UZA.

Фото: АЗЕРТАДЖ

Келісімге сәйкес, 22 заманауи әуе кемесін сатып алу АҚШ-та 35 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Өзбекстан үшін бұл келісім стратегиялық маңызға ие. Ұлттық әуе паркін жаңарту елді аймақтық авиациялық хабқа айналдыруға, туристер мен инвестициялар ағынын арттыруға жол ашады.

АҚШ үшін келісім геоэкономикалық тұрғыдан маңызды. Boeing үшін көпмиллиардтық тапсырыс ішкі өндіріс пен еңбек нарығына серпін береді.

Сонымен қатар Вашингтон Орталық Азиядағы ықпалын күшейтіп, Ташкентпен стратегиялық әріптестіктің іргесін бекітеді.

Boeing – әлемдегі ең ірі авиациялық және ғарыштық техника өндірушілердің бірі.

Келісімге қол қою рәсімі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Нью-Йоркке сапары кезінде өтті.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп өз парақшасында Uzbekistan Airways пен Boeing арасындағы келісімге арнайы тоқталып, оның АҚШ-та 35 мыңнан астам жұмыс орнын құратынын атап өтті.

Бұған дейін Джей Лоның концерті Ташкентке 3,3 млн доллар табыс әкелгені хабарланды.