Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазір жұмыс істеп тұрған Бұхара әуежайының турист қабылдау қауқары төмен. Ол сағатына 400 жолаушыға (жылына 1 млн турист) қызмет көрсете алады.
«Ұшу процесін басқару мен жолаушыларға қызмет көрсету, сондай-ақ рейстердің санын ұлғайтуға ескірген жүйелер қолбайлау болып отыр. Туристердің көпшілігі Бұхараға жету үшін әуелі Ташкент, Самарқан немесе Үргенішке ұшуға мәжбүр. Мысалы, биыл 9 айда Бұхарада болған 1 млн-нан астам шетелдік туристің 95%-ы пойызбен немесе көлікпен барған», - делінген Өзбекстан басшысының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аймақта қонақ үй қызметі мен қасиетті мекендерге саяхат жасау ісі дамып келеді. Алдағы 3 жылда Бұхараға келетін саяхатшылардың санын 8 млн-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Осыған байланысты биыл 31 мамырда Шавкат Мирзиёевтің Бұхара облысына жасаған сапары барысында жаңа халықаралық әуежайдың құрылысы басталды. Жоба шеңберінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде әлемдік стандартқа сай келетін нысан бой көтермек.
Әуежай сағатына 1200 жолаушыға (жылына 3 млн) қызмет көрсетіп, 8 ұшақты қабылдауы тиіс. Сондай-ақ, оған жаңа әуекомпанияларды тарту қарастырылып жатыр.