Өзбекстан екі ауылын Қырғызстанға беру процесін бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы келісімдерді жүзеге асыру аясында жер учаскелерін алмасумен байланысты ұйымдастырушылық және техникалық шараларды бастады, деп хабарлайды Кабар ақпарат агенттігі.

Фото: Gazeta.uz

Кадамжай ауданында жер учаскелерін алмасуды жүзеге асыру бойынша екі елдің бірлескен жұмыс комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда ұйымдастырушылық-техникалық мәселелер, соның ішінде беріліп отырған аумақтардың тұрғындарының азаматтық мәртебесін анықтау, оларды тіркеу, қоныстандыру, сондай-ақ мүліктік, экономикалық және басқа да мәселелерді шешу талқыланды.

Екі елдің бірлескен жұмыс тобы жергілікті деңгейде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады.

Жұмыс тобын Қырғыз Республикасы Президентінің Баткен облысындағы өкілетті өкілінің бірінші орынбасары Бақтыбек Тоқсонбаев және Өзбекстан Ішкі істер министрлігінің Көші-қон және жекешелендіру департаменті бастығының орынбасары Бекзод Сайфуллаев басқарып отыр.

Мемлекеттік шекараны белгілеу кезінде бұрын Өзбекстанның Ферғана облысының құрамына кірген Чон-Гара және Таш-Тобо ауылдары Қырғызстанға берілгені атап өтілді. Бұл елді мекендерде негізінен этникалық қырғыздар тұрып жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі ауылда шамамен 2500 адам тұрады.

Қазіргі уақытта ауылдарда тіркеу шаралары жүріп жатыр. Келесі кезең тұрғындарға Қырғызстан азаматтығын беру үшін заңмен көзделген рәсімдерді енгізуді қамтиды.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы келісімдерге сәйкес, берілген ауылдардың орнына Қырғызстан тарапы Өзбекстанға мемлекеттік шекара маңындағы балама жер учаскесін береді.

Kazinform үшін арнайы Кабар серіктес агенттігі ұсынған.

Бұған дейін Қырғызстан мен Өзбекстан тауар айналымын 2 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отырғанын хабарлаған едік.