Өзбекстан ИЫҰ-ның наградасын тағайындауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ислам ынтымақтастығы ұйымның ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев өз елінде жас ғалымдардың Халықаралық ислам орталығын ашуға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аталған орталықта білім мен тәжірибенің ошағына айналады деп сенеміз. Ол жерде бірлескен зерттеулерді жүргізуге болады. Сондай-ақ біз ғұлама Әл-Хорезмиге арнап жас математиктердің халықаралық Олимпиадасын өткізуді ұсынамыз. Сосын Ислам ынтымақтастығы ұйымының мұсылман әлеміндегі ғылыми жетістіктері үшін арнайы награданы тағайындаған дұрыс болатын еді» - деді Мирзиёев.

Оның ойынша, Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін үш жылда бір рет өткізу керек. Аталған бастама қолдау тапса, Өзбекстан 2020 жылдың саммитін өз елінде өткізуге даяр.

Бұдан бөлек, Өзбекстан басшысы алты ірі компьютерлік орталықтарының біреуін өз жерінде құруға әзір екенін жеткізді. Ислам ынтымақтастығы ұйымы аталған орталықтарды мұсылман мемлекеттерінде ашуды көздейді. Сондай-ақ Шавкат Мирзиёев өзбек жерінде супер телескоптың орнатылатынын жариялады. 

Айта кетейік, саммит кезінде Түркия басшысы Реджем Тайып Ердоған мұсылмандар арасындағы білім беру мәселесін көтерді. Себебі бүгінде әлем бойынша мұсылмандардың жартысы сауатсыз .  Сондай-ақ ол баршы мұсылмандарды Мьянмадағы шиеленісті бірлесіп шешуге шақырды.