Өзбекстан қазақстандықтарды шекарадан жеке куәлікпен өткізу тәртібін енгізуге ниетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбек тарапы Қазақстан, Ресей және Әзербайжан азаматтарын шекарадан жеке куәлікпен өткізу тәртібін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Аталған ұсыныс елге келетін туристер санын арттыру жөніндегі президент жарлығында жазылған. Құжатқа Шавкат Мирзиёев 15 мамырда қол қойды.
Президент тапсырмасына сай, Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі үш айдан кешіктірмей Қазақстан, Ресей және Әзербайжан мемлекеттерімен келіссөз бастауы тиіс.
Айта кетсек, қазіргі уақытта Қырғызстан азаматтары Өзбекстанға жеке куәлікпен келе алады. Екі ел арасында шекарадан ішкі құжатпен өту тәртібі 2023 жылы енгізілген.
Еске салайық, былтыр Олий Мажлистің Заң шығару палатасы депутаттарының алдында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Тәжікстан азаматтарын жеке куәлікпен қабылдау тәртібін енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен қатар Өзбекстан 1 маусымнан бастап Бахрейн, Кувейт және Оман азаматтары үшін 30 күндік визасыз режим енгізеді.