Өзбекстан келер жылы да Ауғанстанға электр энергиясын экспорттайды

Фото: Фото: Da Afghanistan Breshna Sherkat

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан мен Ауғанстан электр энергиясын жеткізуге бағытталған келісімді 2025 жылдың соңына дейін ұзартты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Da Afghanistan Breshna Sherkat (DABS) ауған энергетикалық компаниясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, осы аптада Ауғанстанға Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов бастаған делегация барған.

Сапар аясында Журабек Мирзамахмудов пен DABS компаниясының бас директоры Абдул Бари Омар кездесу өткізіп, тараптар 2025 жылға арналған электр энергиясын сатып алу келісіміне қол қойды.

DABS хабарлағандай, Өзбекстанмен арадағы келісім екі ел арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуға және Ауғанстанға электр энергиясын тұрақты негізде жеткізуге бағытталған.

Еске салсақ, бұған дейін электр энергиясы мен газды заңсыз пайдаланған өзбекстандықтар мемлекетке $12,4 млн шығын келтіргенін жазып едік.