Өзбекстан Қытайдан авиаотын импорттауды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — «Өзбекнефтегаз» компаниясы отын жеткізуді әртараптандыру және жеткізілімдердің тұрақтылығын арттыру мақсатында Қытайдан Jet A-1 авиаотынын ұзақ мерзімге жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Gazeta.uz.

Фото: pexels

Мемлекеттік мұнай-газ компаниясы «Өзбекнефтегаз» Қытайдан Jet A-1 авиаотынын ұзақ мерзімге жеткізу мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл мәселе компания басқарма төрағасы Абдуғани Сангиновтың Қытайдың Өзбекстандағы елшісі Юй Цзюньмен кездесуінде талқыланды. Бұл туралы «Өзбекнефтегаздың» баспасөз қызметі хабарлады.

Компанияның мәліметінше, Қытайдан жеткізілетін отын Өзбекстанды авиациялық керосинмен қамтамасыз ету көздерін әртараптандырудың және неғұрлым тұрақты жеткізу жүйесін қалыптастырудың бір жолы ретінде қарастырылып отыр.

Кездесу барысында қытайлық China National Aviation Fuel Group (CNAF) және Sinopec компанияларымен тікелей ынтымақтастық орнату мүмкіндігі де талқыланды. «Өзбекнефтегаз» осы компаниялармен байланыс орнатуға Қытай елшілігінің қолдау көрсетуіне үміт артып отыр.

Кездесуде мұнай-газ саласындағы қазіргі және болашақтағы жобалар да қаралды.

Қазір «Өзбекнефтегаз» CNPC, CCDC, BGP, Jereh және Honghua секілді бірқатар ірі қытайлық компаниямен ынтымақтастық орнатқан. Бірлескен жобалар геологиялық барлау, ұңғымалар бұрғылау, сервистік қызметтер көрсету және заманауи технологияларды енгізу бағыттарын қамтиды.

Тараптар инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ энергетика саласындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға дайын екендерін мәлімдеді.

Керосин импорты

2026 жылғы қаңтар–шілде айларында Өзбекстанға керосин, оның ішінде авиациялық керосин импорты екі еседен астам қысқарды. Кеден комитетінің «Газета» басылымы зерттеген мәліметтеріне сәйкес, жеті айда елге 24,1 мың тонна керосин әкелінген. Оның жалпы құны 24,95 млн долларды құрады. Бір жыл бұрын осы кезеңде 52,1 мың тонна керосин 51,25 млн долларға импортталған.

Осылайша, жеткізілімнің физикалық көлемі шамамен 54%-ға, ал құны 51%-ға төмендеді.

Қаңтар–шілде аралығында импортталған керосиннің орташа құны тоннасына шамамен 1036 долларды құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 983 доллар болған. Баға шамамен 5%-ға өскен.

Сонымен қатар шілде айында импорт көлемі айтарлықтай артты. Елге 4,57 мың тонна керосин 5,24 млн долларға жеткізілді. Бұл маусымдағы көрсеткіштен — 1,91 мың тоннадан — шамамен 2,4 есе көп. Ал жеткізілім құны 2,66 млн доллардан екі есеге жуық өсті.

Шілдеде импорттық керосиннің орташа бағасы тоннасына шамамен 1147 доллар болды. Бұл маусымдағы 1393 доллармен салыстырғанда 18%-ға төмен.

2025 жылғы шілдемен салыстырғанда керосин жеткізілімі физикалық көлемде 86%-ға өсті. Былтыр шілдеде 2,45 мың тонна импортталса, биыл бұл көрсеткіш 4,57 мың тоннаға жетті. Ақшалай мәнде жеткізілім көлемі 2,5 есеге артып, 2,07 млн доллардан 5,24 млн долларға дейін өсті. Бір тонна керосиннің орташа бағасы шамамен 36%-ға — 844 доллардан 1147 долларға дейін көтерілді.

2026 жылғы шілде–желтоқсан аралығында Өзбекстанның авиациялық керосинге деген қажеттілігі 375 мың тонна болады деп бағаланып отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 27%-ға жоғары. Сұраныстың негізгі бөлігін отандық мұнай өңдеу зауыттарының өнімдері есебінен қамтамасыз ету жоспарланған.

Сонымен бірге Өзбекстан авиаотынды балама көздерден импорттауды да кеңейтіп жатыр. Бұған дейін билік серіктес елдердің кейбірінде мұнай өнімдерін экспорттауға қойылған шектеулер аясында Грузия мен Ирактан авиациялық керосин жеткізуді жолға қою туралы хабарлаған.

Қытай көктемде АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс салдарынан мұнай жеткізілімі үзілгеннен кейін енгізілген мұнай өнімдерінің экспортына қойылған шектеулерді екінші ай қатарынан жеңілдетіп отыр. Тамыз айында мұнай өңдеу кәсіпорындарына Гонконг пен Макаодан тыс жерлерге 2,7 млн тонна отын экспорттауға уақытша рұқсат берілді.

Гонконгқа жеткізілетін отын мен Қытай әуежайларындағы халықаралық рейстерге құю көлемін ескергенде, тамыз айындағы бензин, дизель отыны және авиациялық керосин экспортының жалпы көлемі 3,6–3,7 млн тоннаға бағаланып отыр.

Салыстыру үшін, 2025 жылы аталған отын түрлерінің орташа айлық экспорты 3,04 млн тоннаны құраған.

Бұған дейін Alatau City аумағында майлы дақылдардан авиаотын өндіруді іске қосу мүмкіндігі туралы хабарланған болатын.

Айта кетелік «Қорғас» арқылы Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы жүк тасымалы артады