Өзбекстан латын әліпбиіне қатысты көпжылдық дауға нүкте қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін жетілдіру туралы заңға қол қойды. Бұл ретте азаматтарға қолданыстағы құжаттарын ауыстырудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Kazinform президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиееваға сілтеме жасап.

Фото: Kazinform/ЖИ

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев бүгін латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін жетілдіру туралы заңға қол қойды. Бұл туралы президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиеева мәлімдеді.

Оның айтуынша, әліпбиді жетілдіру мәселесі көп жылдан бері пікірталас тудырып келген. 2023 жылғы 11 желтоқсанда жәдидтер мұрасына арналған конференцияда ол әліпбиді қайта қарау туралы бастама көтерген.

— Ақыры көпжылдық тарихи қателік түзетілді. Бүгін президентіміз латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін жетілдіру туралы заңға қол қойды, — деп жазды Саида Мирзиеева.

Ол өзгерістер жазу жүйесіндегі кемшіліктерді жоюға және өзбек тілінің цифрлық кеңістіктегі орнын нығайтуға бағытталғанын айтты.

Сонымен қатар заңның қабылдануы құжаттарды жаппай ауыстыруды талап етпейді.

— Біз шығынды барынша азайтуды таңдадық. Қолданыстағы барлық құжат, ұлттық валюта мен бағалы қағаздар өз күшін сақтайды. Ал оқулықтар, маңдайшалар мен жол көрсеткіштері пайдалану мерзімі аяқталған сайын кезең-кезеңімен ауыстырылады, — деп түсіндірді президент әкімшілігінің басшысы.

Саида Мирзиеева заңның дәл 21 қазанда қабылдануының символдық мәні бар екенін де атап өтті. Бұл күні елде Өзбек тілі күні аталып өтеді.

Оның пікірінше, жетілдірілген әліпби жастардың сауаттылығын арттыруға және өзбек тілінің беделін нығайтуға ықпал етеді.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстандағы мектеп оқулықтары жаңартылған өзбек әліпбиіне 2027-2031 жылдар аралығында кезең-кезеңімен көшірілетінін жазғанбыз.