Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін депутат Қ. Айтаханов еліміздің оңтүстігінде орналасқан Мақтаарал ауданы барлық жағынан Өзбекстан мемлекетімен шектесетінін, сондықтан да аудан өз елімізбен тек Елбасының тапсырмасымен Сырдария өзеніне салынған Достық көпірі арқылы ғана қатыса алатынын айтып мәселе көтерген болатын. Осы сауалда Қазақстан және Өзбекстанның мемлекеттік шекараларындағы өткізу пунктері туралы Қазақстан және Өзбекстан Үкіметтері арасындағы 2001 жылы наурыздың 16-сындағы келісімге және осы келісімге сәйкес 2006 жылы қыркүйектің 4-інде жасалған хаттамадағы теміржол өткізу пункттері тізбесіне жұмыс істеп тұрған Мақтаарал стансысы енбей қалуына байланысты 2009 жылғы қарашаның 30-да еліміздің шекара қызметкерлері аталған теміржол қатынасын жауып тастағаны туралы жазылған.
«Ал, осы стансы арқылы ауданға жыл сайын жүздеген мың тонна көмір, минералды тыңайтқыштар, құрылыс материалдары, жанар-жағармай, азық-түлік тауарлары жеткізіліп, ондаған мың тонна мақта талшығы, көкөніс, бау-бақша дақылдары сыртқа шығарылатынын ескерсек, аудан үшін теміржол байланысының маңыздылығы түсінікті болады. Үкімет басшысының жауабында мәселені шешу тиісті министрліктерге тапсырылғанын, ол туралы 2010 жылдың ақпанында Қазақстан мен Өзбекстанның үкіметаралық комиссиясы отырысында қаралу жоспарланып отырғанын хабарлаған болатынбыз. Алайда, бүгінгі таңда аталған мәселе ушығып Өзбекстан жағы Мақтаарал стансысына келетін теміржолды толығымен жауып, рельстерді қопарып алмақшы. Бұл туралы «Узбекистон темир йуллари» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы А. Раматовтың 2010 жылғы 18 мамырдағы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ перзиденті А. Маминге жіберген жеделхатында айтылғын. Осылайша, «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылдының» кебін киіп отырмыз», деді сенатор.
Депутаттың сөзіне қарағанда, теміржол қатынасын тоқтату 300 мың халқы бар Мақтаарал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді, ауданға тасымалданатын тауарлардың бағасы өсіп, халық қиналатын болады. «Сол себепті, Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Өзбекстаннан Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданына келетін теміржол байланысын сақтап қалуды үкіметаралық деңгейде шешіп беруіңізді өтінемін», деді депутат.