Өзбекстан мемлекеттік қызмет көрсету саласында Қазақстанның тәжірибесін зерттейді

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан әділет министрлігі өз сарапшыларын мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы тәжірибені зерттеу үшін Қазақстанға жібереді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Бұл туралы Өзбекстандағы Қазақстан елшісі Ерік Өтембаевтың Өзбекстан әділет министрі Русланбек Давлетовпен кездесуі барысында айтылды. Әңгімелесу барысында екі елдің келісімдік-құқықтық базасын одан әрі кеңейту және нығайту, атап айтқанда, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, азаматтарға заңдық мәселелер бойынша жан-жақты құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Өзбекстандық тарап ҚР-мен өзара қарым-қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өте отырып, еліміздің түрлі мемлекеттік қызмет көрсетудегі тәжірибесіне үлкен қызығушылық танытты. Осыған байланысты республиканың әділет министрлігі осы жылдың соңына дейін төрт елге - Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Ресейге мемлекеттік қызмет көрсету саласын зерттеу үшін сарапшылар тобын жібереді.

Бұдан бөлек Русланбек Давлетов әділет министрлігінің делегациясымен Шымкент қаласындағы ХҚКО-лардың жұмысымен танысу үшін ОҚО-ға шақырылды.