Өзбекстан мен Әзербайжан Каспийде бірлескен флот құруды жоспарлап отыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан Әзербайжанмен бірлесіп Каспий теңізінде флот құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Report агенттігіне сұхбат берген Өзбекстанның Инвестиция, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Хуррам Тешабаев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Ол Баку халықаралық теңіз порты бүгінде өзбек өнімдерінің Орта дәліз арқылы өзге нарықтарға шығуын қамтамасыз ететін маңызды торап екенін атап өтті.

— Біз өзбек экспорттаушыларының бұл порт инфрақұрылымын тиімді пайдалануын жоғары бағалаймыз. Соңғы жылдары осы бағыт бойынша жүк тасымалы көлемі тұрақты өсіп, экспортталатын өнім түрлері кеңейіп, екі елдің көлік-логистикалық операторлары арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді, — деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, Өзбекстан Әзербайжанмен бірге Орта дәліздің бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, өзбекстандық тауар экспорттаушыларға қолдау көрсетіледі. Оның ішінде жүктерді тиеп-түсіру кезінде жеңілдіктер беру және логистикалық рәсімдерді оңтайландыру шаралары қарастырылған.

— Сонымен қатар көлік инфрақұрылымы мен теңіз логистикасын дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Каспий теңізінде бірлескен флот құру, сондай-ақ «Uztemiryo’lkargo» акционерлік қоғамы мен «Әзербайжанның Каспий теңіз кеме қатынасы» жабық акционерлік қоғамы арасында бірлескен кәсіпорын ашу бастамасы бар. Бұл жобалар жүк тасымалының тиімділігін арттырып, дәліздердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді, — деді Хуррам Тешабаев.

Еске салайық, Өзбекстан Грузиядағы Анаклия теңіз портын салу жобасына қатысу мүмкіндігін зерделеп жатыр.

Айта кетейік, таяуда «Қытай — Қазақстан — Өзбекстан — Ауғанстан» бағытында контейнерлік жүк тасымалы жолға қойылды.