Өзбекстан мен Әзербайжан шекарадан жеке куәлікпен өту тәртібін енгізуі мүмкін

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан мен Әзербайжанның жауапы ведомстволары екі елдің шекарасынан жеке куәлікпен өту тәртібін енгізу мүмкіндігін талқылап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігіне қарасты Dunyo агенттігінің мәліметінше, екі елдің консулдығы мен көші-қон қызметінің өкілдері онлайн форматта келіссөз жүргізді. Оның барысында шекарадан ID-карта арқылы өту процедурасын келісу мүмкіндігі қаралды.

— Бұл қадам азаматтардың сапарын оңтайландыруға, екіжақты байланыстарды нығайтуға және көші-қон саясаты саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге ықпал етеді. Яғни, паспорт рәсімдеуді қажет етпей, шекарадан ID-картамен (жеке куәлік — авт.) өтуге мүмкіндік береді, — делінген Dunyo ақпарат агенттігінің хабарламасында.

Еске салайық, Өзбекстан Қазақстан мен Тәжікстан шекарасынан ID-картамен өту тәртібін енгізуді жоспарлап отыр. Былтыр қарашада Олий Мажлистің Заң шығару палатасы депутаттарының алдында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев осылай мәлім етті.