Өзбекстан мен БАӘ арасында визасыз режим орнайды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан азаматтары 16 ақпаннан бастап Біріккен Араб Әмірліктеріне 30 күннен аспайтын уақытқа визасыз бара алады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Kazinform

Өзбекстанның БАӘ-дегі елшісі Абдулазиз Аккулов пен Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрінің орынбасары Халид Абдулла Белхул өзара визалық талаптардан босату туралы екі ел үкіметтері арасындағы хаттамаға қол қойды.

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Дунё» агенттігінің мәліметінше, құжат ресми түрде 2024 жылдың 16 ақпанында күшіне енеді. Осылайша, Өзбекстан үшін БАӘ визасыз баруға болатын 29-шы ел болады және оның нәтижесінде көршілес мемлекет «Global Passport Power» рейтингінде 71-орынға көтеріледі.

Айта кетейік, былтыр БАӘ-ге 119 454 өзбекстандық барған. Олар өз кезегінде виза алу үшін 9,2 млн доллар жұмсапты.