Өзбекстан мен Франция стратегиялық әріптестік декларациясына қол қойды

Фото: Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президентінің Францияға мемлекеттік сапары барысында Шавкат Мирзиёев пен Эмманюэль Макрон стратегиялық әріптестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сапар аясында мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізіп, Өзбекстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығару мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, инновациялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған жаңа бағдарлама әзірленді.

Оған сай, сирек минерал мен шикізатты өндіру, оны өңдеу, энергетика, инфрақұрылымды дамыту үшін бірлескен жобалар қолға алынады. Бұл бағыттарға 12 млрд еуродан астам қаражат бөлінеді.

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, былтыр ресми Ташкент пен Париж арасындағы тауар айналымы алғаш рет 1 млрд еуродан асып, бірлескен кәсіпорындар саны 4 есе өсті.

Сонымен қатар, Шавкат Мирзиёев пен Эмманюэль Макрон білім саласындағы байланыстарды нығайтуға уағдаласты. Келісімге сәйкес, биыл Ташкентте өзбек-француз университеті ашылады.

Бұған қоса, іскерлік, туристік және мәдени қарым-қатынасты жандандыру мақсатында тікелей әуе рейстерінің саны ұлғаяды.

Кездесу қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Франция президенттері 10-нан астам құжатқа қол қойды.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Франция президенті Эмманюэль Макронның шақыруымен Парижге мемлекеттік сапарға аттанғанын жазып едік.