Өзбекстан мен Иран өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізбек
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов бастаған үкімет делегациясы Иранда ресми сапармен болып, маңызды мәселелерді шешу бойынша келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Тегеранда Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Реза Ареф пен Абдулла Арипов арасында өткен кездесуде қос елдің келешек ынтымақтастығы талқыланды.
Атап айтқанда, тараптар өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу мүмкіндігін зерделеді. Ол үшін Өзбекстан мен Иран көлік-логистика саласында бұрыннан түйіні тарқамай келе жатқан түйткілдерді шешуге ерекше мән беріп, күш біріктіруге уағдаласты.
Айта кетейік, былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 500 млн долларға жетті. Сонымен бірге бүгінде 200-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, АҚШ Иранға қарсы қосымша санкция енгізді. Сондай-ақ, Оманда ресми Тегеран мен Вашингтон арасындағы ядролық келіссөз қайта басталды.