Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 3,8 миллиард доллардан асты - шетелдегі қазақ баспасөзі

«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: ӨзА

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 3,8 миллиард доллардан асты - «ӨзА»

2024 жылдың он бір айының қорытындысы бойынша, Қазақстан Өзбекстанның үш негізгі сауда серіктесінің біріне айналды. Бұл көрсеткіш екі бауырлас ел арасындағы экономикалық байланыстың айтарлықтай нығайып, өзара сауда айналымының тұрақты өсіп жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Өзбекстандық ӨР Статистика агенттігі ұсынған мәліметке сай, 2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында елдің жалпы сыртқы сауда айналымы 59,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға жоғары. Осылайша, Өзбекстанның сыртқы экономикалық байланыстарының тұрақтылығы мен тиімділігі байқалып отыр.

«ӨзА» ақпарат агенттігінің дерегінше, Өзбекстан бүгінде әлемнің 195 мемлекетімен экономикалық қарым-қатынас орнатқан. Сауда айналымының негізгі үлесі Қытай (19 пайыз), Ресей (18 пайыз), Қазақстан (6,5 пайыз), Түркия (4,4 пайыз) және Оңтүстік Корея (3 пайыз) елдеріне тиесілі. Бұл елдермен серіктестік қарқынды дамып, сыртқы сауда айналымының өсуіне айтарлықтай үлес қосуда.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Арал теңізінің құрғаған түбінде жаңа өсімдік түрлері сынақтан өтуде» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Экология, қоршаған ортаны қорғау және климат өзгерісі министрлігі жүзеге асырып жатқан жоба аясында Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері Арал теңізінің құрғаған түбінде шөлденген топырақтарда өсіруге қолайлы өсімдік түрлерін анықтау бойынша сынақтар жүргізуде.

Бұл жоба Арал теңізінің құрғауынан туындаған шөлдену процесінің салдарын азайту және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Сынақтар арқылы өсімдіктердің тек экстремалды жағдайларға бейімделу қабілеті ғана емес, сонымен қатар экожүйелердің биологиялық функцияларын қалпына келтіру мүмкіндіктері де зерттеліп жатыр. Мұндай өсімдіктерді таңдау шөлдену мен тұзды жерлерді тұрақты басқаруға мүмкіндік береді.

«Сынақтар нәтижесінде шөлденген жерлерде өсуге бейімделген өсімдіктер анықталып, олар өндірістік мақсатта ұсынылатын болады. Алынған мәліметтер шөлденуге қарсы күрес және Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру стратегияларын әзірлеуге көмектеседі», деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Иран Ислам Республикасының бас консулымен кездесу өтті - «ParsToday»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының бас консулымен кездесу өтті, деп хабарлайды «ParsToday».

Аталған БАҚ-та хабарлағандай, 18 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасына Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мохсен Фағани мырза келген. Бұл кездесу Мохсен Фағани мырза дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты өтіпті. Факультет деканы Н.Б. Ем бас консул мырзаға шығыстану факультетімен тығыз байланыста болып, жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыруға сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде Мохсен Фағани мырза Иран тарапының Қазақстанда парсы тілін оқытуға қолдау көрсетуге әрқашанда дайын екендігін атап өтіп, жақында Жетісу облысы әкімінің орынбасарымен болған кездесуде де осы тақырыпты көтергенін атап өтті. Консул мырза сондай-ақ факультеттің ирантану бөлімі оқытушылары мен студенттерін Иранға білім жетілдіру және тілді дамыту курстарына жіберуге мүмкіншіліктері қарастырылып жатқанын айтқан.

Шыңжаңдық Тұрсынай дүниежүзілік әлем аруы байқауына қатысады - Harajorga

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, шыңжаңдық Тұрсынай Рахыман Қытай атынан дүниежүзілік әлем аруы туризм байқауының ақтық пиналына қатысатын болды, деп хабарлайды қытайлық Harajorga әлеуметтік желісі.

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы 22 желтоқсан күні, дүниежүзілік әлем аруы туризм байқауына таңдаудың Қытайдағы жылдық жүлдегерді таңдауы Хыңдиян қаласында өткізілді. Шыңжаң жарыс районынан Тұрсынай Рахыман, интернетте белет тастау, сәнгерлік, өнер көрсету сияқты жақтарда таңдаулы обыразы мен кәсіптік бейне танытып, бас жүлдені еншіледі. Ендігі Қытай атынан дүниежүзілік ақтық пиналға қатыспақ.

Қазақстан Түркияда мектеп салады - TRT

6 ақпандағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияның Газиантеп қаласының Нұрдағы ауданында Қазақстан Республикасы мектеп салады.

Қазақстанның қаржысымен салынатын 32 сыныптық мектептің іргетасы қаланды.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-та хабарлағандай, 2023 жылы 6 ақпанда болған жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантептің Нұрдағы ауданында Қазақстан Республикасы салатын бастауыш мектептің іргетасын қалау рәсімі болып өтті.

Рәсімге Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Газиантеп әкімі Кемал Чебер, Уәлаят жандармерия қолбасшысы генерал-майор Халил Шен, Уәлаят полициясының бастығы Джелал Өзджан, Уәлаят ұлттық білім беру директоры Эрдал Кылынч, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

«7 ақпан күні Нұрдағына келдік. Жер сілкінісінің ауырлығын, ағайындардың қасіретін көріп, ел болып ортақтаспақ болдық. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мектептің іргетасын қалап жатырмыз», деді Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев.

Биыл Шыңжаңның Қорғас арқылы өткен Қытай-Еуропа пойыздары 8500-ден асты - «Халық газеті»

Шыңжаң Қорғас порты Теміржол департаментінің статистикасына сәйкес, 24 желтоқсандағы жағдай бойынша Қорғас порты арқылы биыл 8541 Қытай-Еуропа (Орталық Азия) пойызы өткен. Бұл өткен толық жыл бойы 7762 пойыз жүрген санынан асып, ең жоғары көрсеткіш орнатты, деп жазады қытайлық «Халық газеті» басылымы.

Аталған басылымның мәліметінше, қазіргі уақытта Қорғас порты арқылы өткен Қытай-Еуропа (Орталық Азия) пойыздарының жалпы саны 41000-ға жетті. Пойыздар 85 бағыт бойынша 18 ел мен 46 қала және аймақтарға барады.