Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында 2 өткізу бекеті ашылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында екі өткізу бекеті ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Кеден комитетінің мәліметінше, Наманған облысының Қырғызстанмен шектесетін Учкурган ауданында «Учкурган» кеден бекетінің ашылу салтанаты өтті.
Өткізу бекеті күніне орта есеппен 10 мың адамды қабылдауға қауқарлы. Бұған қоса, ол 500-ден астам жүк, 300-ден аса жеңіл көлікті өткізе алады.
Екінші өткізу пункті Андижан облысында орналасқан. «Қарасу» бекеті араға 14 жыл салып, қайта ашылып отыр. Ол күніне 12 мыңнан астам адамды қабылдамақ.
Ведомстводан атап өткендей, екі өткізу пунктінде де азаматтарға барлық жағдай жасалған және кедендік бақылау процестері жеделдетілген режимде жүргізіледі.