Өзбекстан мен Қытай өзара тауар айналымын 20 млрд долларға жеткізбекші

Өзбекстан мен Қытай басшылары екі ел арасындағы тауар айналымын алдағы 5 жылда 20 млрд долларға жеткізуге келісті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: uzbekembassy.com

Өзбекстан Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шавкат Мирзиёев Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» III халықаралық форумында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.

Өзбекстан Президенті алдымен Қытай басшысына шақыруы үшін алғыс білдіріп, Қытайдың құрылған күнімен және «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығымен құттықтады.

«Жоба жұмыс істей бастаған аздаған уақыт ішінде жалпыға бірдей даму мен өркендеу үшін қажетті өзара ықпалдастықтың ашық, инклюзивті алаңына айналды»,-деді Шавкат Мирзиеев.

Барлық бағыт бойынша стратегиялық серіктестіктің бесжылдық бағдарламасының аясында кейінгі жылдары қытайлық инвестициялардың көлемі бес есе, компаниялар саны үш есе артқандығы айтылды. Биылғы жыл басынан бері өзара сауда көлемі 36 процентке өскен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 млрд доллардан асады деген сенім бар.

Мемлекеттердің басшылары екі ел арасындағы тауар айналымын алдағы бес жылда 20 млрд долларға жеткізуге болатынын айтты.

Тараптар Қытайдың кедейшілікпен күрес тәжірибесін зерттеу мен оны енгізу бойынша тәжірибе алмасу ісіне ерекше ден қойды.

Өзбекстан жастарының қытай тілін меңгеруге деген құлшыныстарының жыл сайын артып келе жатқаны айтылды.

Келіссөз барысында сондай-ақ өңірлік және халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер бойынша да пікір алмасылды.