Өзбекстан мен Мажарстан АЭС-тің салқындату жүйесін құрастыратын бірлескен кәсіпорын ашады

Фото: Uzatom агенттігі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан мен Мажарстан АЭС-ке қажетті құрғақ салқындату жүйесін шығаратын бірлескен кәсіпорын құруға уағдаласты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Тиісті құжат Ташкентте қабылданды. Келісімге Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев, Мажарстанның Сыртқы істер және сауда министрлігі мен MVM EGI компаниясының өкілдері қол қойды.

Бірлескен кәсіпорынды Өзбекстандағы еркін экономикалық аймақтардың бірінде құру жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Ташкент қаласында Өзбекстан мен Мажарстан келіссөз жүріп жатқанын жазып едік. Кездесуде тараптар АЭС-ке қажетті құрғақ салқындату жүйесін құрастыру және оны Өзбекстанға жеткізу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Өзбекстан билігі ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Бұған қоса, қазіргі уақытта ресми Ташкент аз қуатты АЭС салуға кірісті. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты - 330 МВт) Джизак облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.

Жақында «Alter ego» ютуб арнасына сұхбат берген Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев АЭС-тің құны 2 млрд доллардан аспайтынын айтты.

Осыған сай, Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.

Сондай-ақ АЭС салу үшін халықаралық консорциум құрылады.