Өзбекстан отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттырмақ

Фото: Фото: pixabay.com

Өзбекстан отандық дәрі-дәрмек өндірушілердің үлесін 18-ден 40%-ға дейін ұлғайту үшін жағдай жасамақ. Фармацевтика саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жауапты органдарға осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Кеңесте аталған саланы дамыту үшін Өзбекстанда қажетті шикізат ресурстарының бар екені және барлық жағдайдың жасалғаны айтылды.

«Соңғы алты жылда фармацевтика өндірісі 3 есе, экспорт 6 есе өсті. Құны 525 млн доллар болатын 177 жоба іске қосылды, жалпы 50 мың жұмыс орны құрылды. Бұдан да ауқымды көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Жыл сайын халық 1,6 млрд долларға дәрі-дәрмек сатып алады. Ал отандық өндірушілердің үлесі небәрі 18% құрайды, қалғаны импорт есебінен қамтамасыз етіледі», - деді Шавкат Мирзиёев.

Осыған байланысты тиісті органдарға кәсіпкерлердің жобасын қолдау, шетелдік тәжірибені зерделеу және танымал брендтерді елге тарту бойынша тапсырма жүктелді.

«Елде жиі тұтынылатын 50 дәрі-дәрмек өндірісін ұйымдастыру арқылы оқшаулауды 35%-ға дейін арттыру қажет. Сондай-ақ, «Tashkent Pharma Park» кластерінің құрылысын жеделдетіп, оған жеке серіктестерді тарту қажет», - деп тапсырма берді Өзбекстан басшысы.

Ол үшін фармацевтикалық кәсіпорындарға GMP халықаралық стандартына көшуге және таңбалау жүйесін енгізуде көмек көрсетілетін болады. Жалпы бұл салада 1,5 млрд долларға бағаланған 173 жоба қолға алынбақ. Оны қаржыландыруға 600 млн доллар бөлінеді. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 2024 жылы 400 млн доллардың өнімін өндіру жоспарланған.