Өзбекстан Президенті ЕАЭО елдеріне еңбек миграциясын бірлесіп реттеуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында одақ елдерін еңбек миграциясын бірлесіп реттеуге шақырды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Біздің ЕАЭО-мен әріптестігіміздің басым бағыттарын қысқаша айқындап өткім келеді. Біріншіден, Өзбекстан мен ЕАЭО елдері арасында кедергісіз сауданың бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыру маңызды деп есептейміз. Әңгіме электронды саудаға ден қою, кедендік, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау деректерін цифрлық жолмен алмасу, тауарларды сертификаттаудың, электронды құжаттарды өзара танудың тәсілдерін келісе отырып дамыту туралы болып отыр. Сондай-ақ, цифрлық транзитті енгізу арқылы тауар қозғалысын бақылау жүйесіне қосып, өткізу бекеттерін жаңғырту арқылы ақылды көлік-кедендік бақылау жүйесін құруға кіріскен жөн, - деді ол.

Өзбекстан басшысы ЕАЭО-мен әріптестік аясында өнеркәсіп кооперациясы жаңа серпін алып келе жатқанын атап өтті.

- Біз бизнестің өндірісті жергіліктендіруге, технологиялық әріптестік арқылы жаңа өндіріс тізбегін құруға деген қызығушылығы артқанын, көріп отырмыз. Ұйымдасқан еңбек мобильділігі саласындағы әріптестікті жұмыспен қамтудың ұлттық электронды сервистерді түйістіру есебінен жаңа сапа деңгейіне шығару маңызды деп есептейміз. Әңгіме азаматтарға бос жұмыс орындары мен жұмысқа орналастыру шарттары туралы, көші-қон нормалары туралы ақпаратқа тікелей қол жеткізу мүмкіндігін беретін қолайлы әрі іркіліссіз цифрлық орта қалыптастыру туралы болып отыр. Бұл мемлекеттеріміздің еңбек нарығындағы қажеттіліктерін бір уақытта ескеруге, жұмысшылардың біліктілігін арттыруға, азаматтардың құқығын қорғауға, заңдастырылмаған жұмыспен қамту қатерлерін азайтуға мүмкіндік береді, - деді Шавкат Мирзиёев.

Айта кетейік, Астана қаласында Қазақстан төрағалығы аясында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің екі күндік отырысы өтіп жатыр.