Өзбекстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM - 17 мамырда Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті, деп жазады Өзбекстанның  Uza агенттігі.

Фото: uza.uz

Өзбекстан басшысы Қазақстан Президентін туған күнімен құттықтап, оған зор денсаулық, бақыт пен табыс, ал бауырлас қазақ халқына бейбітшілік пен гүлдену тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық пен тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлкен жеке үлесі ерекше атап өтілді.

Екі ел басшылары Өзбекстан-Қазақстан көпжақты ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Хиуа қаласында өткен практикалық кеңесте уағдаластықтардың орындалу барысы және алдағы уақытта жоғары деңгейде өтетін іс-шаралар жоспары талқыланды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық жобаларының жаңа портфелін қалыптастыруға, бизнес пен өңірлерді тарта отырып, өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге ерекше назар аударылды. Белсенді мәдени-гуманитарлық алмасуды жалғастырудың маңыздылығы сөз болды.