Шарттың негізгі мақсаты – екі елдің дербестігін, аумақтық тұтастығын және орнықты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға бағытталған мемлекетаралық қатынастардың жаңа кезеңін құқықтық тұрғыдан бекіту.
Құжат сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, көші-қон, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану жөнінде бірлескен шаралар қабылдау, парламенттер, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған өзара іс-қимылдар кешенін қамтиды.
Сонымен қатар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында мемлекет басшылары басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылады. Онда одақтастық қатынастарды дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалып, ең маңызды мәселелер талқыланады.
Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Одақтастық қатынастар туралы шартқа былтыр 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойған болатын.