Өзбекстан президенті ТМҰ елдерін Палестина мәселесінде бірлескен ұстаным танытуға шақырды

Фото: Ақорда

Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Шавкат Мирзиеёв Өзбекстан президенті ТМҰ елдерін Палестина мәселесі бойынша бірлескен ұстаным көсретуге шақырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Таяу Шығыстағы Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс мәселесі бәрімізді алаңдатып отыр. Әскери қақтығыс салдарынан бейбіт халықтың арасында көптеген адамдар, әйелдер, балалар қаза болып жатыр. Сонымен қатар бұл қақтығыстың одан әрі ушығу қауіп-қатері пайда болды. Осы кезекте біз барлық тараптарды атысты тоқтатып, гуманитарлық шараларды іске асыру үшін бейбітшілік орнатуға шақырамыз», - деді Өзбекстан басшысы.

Оның пайымынша, мәселені әділетті шешудің жалғыз жолы – Біріккен Ұлттар Ұйымының аталмыш екі елге арналған қарардың талаптарын орындау.

«Палестина да өзінің тәуелсіз мемлекетін қалыптастыруға құқылы. Біздің ұйым аясында бүкіл әлемге өзіміздің бірлескен қағидатымызды, ұстанымымызды көрсетуіміз керек", - деді Шавкат Мирзиеёв.

Еске салайық, бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтіп жатыр

Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ұйымға мүше мемлекет басшылары ретінде, Мажарстан Премьер-министрі мен Түрікменстан басшысы бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысады.

ТМҰ саммиті «Түркі дәуірі» ұранымен өтеді. 

Бүгін Сыртқы істер министрлігінде Түркі мемлекеттері ұйымының сыртқы істер миинстрлері кеңесінің жабық отырысы өтті. 

Шарада ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль-ХАМАС қақтығысындағы Қазақстан ұстанымын айтты.