Өзбекстан президенті Владимир Путиннің резиденциясына жасалған шабуылды айыптады

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Әңгіме басында Шавкат Мирзиёев Ресей президентінің Новгород облысындағы резиденциясына жасалған шабуылды қатаң айыптайтынын мәлімдеді.

— Мұндай әрекеттер тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіріп, ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату ниетіне селкеу түсіреді, - делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі тартқан хабарламада.

Сондай-ақ, тараптар әңгіме барысында халықаралық және өңірлік маңызды мәселелер бойынша пікір алмасып, келер жылға жоспарланған іс-шаралар кестесін талқылады.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украина тарапы Владимир Путиннің Валдайдағы резиденциясына дронмен шабуыл жасағанын мәлімдеп еді.

— 28 желтоқсаннан 29 желтоқсанға қараған түні Киев режимі 91 дрон қолдана отырып, Ресей президентінің Новгород облысындағы мемлекеттік резиденциясына террористік шабуыл жасады, — деді министр.

Оның айтуынша, осы жағдайдан кейін Ресей келіссөз процесі бойынша өз ұстанымын қайта қарауға мүдделі.