Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев руханият және ағарту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте ел бойынша жүргізіліп жатқан қылмыс әлемінің серкелері мен жемқор шенеуніктерді ұстау шарасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
«Соңғы уақытта қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Егер кімде-кім заңға бағынбай, мемлекет пен қоғамға зиян келтірсе, біз оған қарап отыра алмаймыз. Мейлі ол қылмыстық топтар болсын, сыбайлас жемқорлыққа барған шенеуніктер болсын», - деді Шавкат Мирзиёев.
Президент Өзбекстанның көшелері мен махаллалары бейбіт әрі қылмыстан ада болу керектігін атап өтті.
«Жаңа Өзбекстанда заң үстемдігі орнап, қылмыс үшін жаза қатаң болуы керек», - деп түйіндеді Шавкат Мирзиёев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстанда 120-дан астам ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталғанын жазып едік.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.