Өзбекстан Президенті Франция СІМ басшысымен Ауғанстандағы шиеленісті бейбіт реттеу мәселесін талқылады

ТАШКЕНТ. 3 наурыз. ҚазАқпарат - Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов Франция Республикасының Сыртқы істер министрі Лоран Фабиусты қабылдады, деп хабарлады ӨР басшысының баспасөз қызметінен.

Қонақты қабылдай отырып И.Кәрімов Өзбекстан Республикасы Франциямен қарым-қатынасына ерекше маңыз беретінін атап өтті, оның дәлелі ықпалдастықтың қарқынды сипаты және өзара кездесулердің белсене түсуі болып табылады. И.Кәрімов Франция Президенті Франсуа Оландқа ізгі лебіздері мен қарым-қатынастардың ауқымын кеңейту ниетін білдірген жуырдағы жолдау хатына шынайы алғысын білдірді.

Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі өзекті проблемалар, ең алдымен, Ауғанстандағы көпжылдық шиеленісті бейбіт реттеу, оның әлеуметтік-экономикалық қайта жаңғыруына қолғабыс ету мәселесі қаралды.

Л.Фабиус Өзбекстан президентіне жылы қабылдауы және өзара қызығушылық бар мәселелердің кең ауқымы бойынша конструктивті жағдайда пікірлермен алмасу мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.